2026 жылғы 24 қаңтарда облыстық филармонияда ШҚО Мәдениет басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған «Дала сарыны» атты жарқын әрі маңызы зор мәдени іс-шара өтті.
Бұл кеште филармония сахнасы этникалық өнердің үздік өкілдерін тоғыстырды. Көрермендер алдында ата-баба мұрасын көздің қарашығындай сақтап, ұлттық музыкалық дәстүрді дәріптеп жүрген Тарбағатай ауданынан келген «Барқытел» этно-ансамблі өнер көрсетті. Сондай-ақ кештің құрметті қонақтары — түркі әлемінің музыкалық брендіне айналған «Turan» этно-фольклорлық ансамблінің мүшелері болды, олардың шығармашылығы ел шегінен тыс жерлерге кеңінен танымал. Музыкалық бағдарламаны облыстық филармонияның шығармашылық ұжымы — «Алтай» би ансамблі толықтырып және ШҚО драмма және оперетта театрының актерлері, көрермендерге қуатты энергия мен әсерлі хореографиялық бейнелер сыйлады.
Іс-шара қала тұрғындары мен қонақтарының жүрегін жаулап, рухани бірлік пен ұлттық мұраға деген мақтаныш сезімін қалыптастырды. Сахнадан қазақтың ұлттық аспаптарының тылсым үні естіліп, залды Ұлы Даланың асқақ рухына бөледі. Әрбір өнер нөмірі өткен мен бүгінді жалғаған шынайы диалогқа айналып, қазақ халқы мәдениетінің тереңдігі мен байлығын тағы бір мәрте айқын көрсетті.